Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс істеуге келген ақ халатты жандарға берілетін бір реттік көтермеақы екі есе өсті, деп хабарлайды тілшіміз.
Енді бұдан былай ауылды таңдаған мамандарға мемлекет есебінен 5 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бірақ ол дәрігер бір жерде бес жыл еңбек етуі тиіс. Жергілікті билік осылайша өңірде кадр тапшылығын шешуді жоспарлап отыр.
Ирина Ибраева 30 жылдық тәжірбиесі бар білікті маман. Бұрын Солтүстік Қазақстан облысында еңбек етіп, артынша Астана қаласына қоныс аударыпты. Биыл арнайы шақыртумен Аққайың аудандық ауруханасына жұмысқа орналасты. Өзі –гинеколог, ал жолдасы – хирург.
«15 жыл бұрын дәл осы ауруханада жұмыс істеген едік. Бірақ балалардың қасында болайық деп Елордаға көштік. Қазір олар ер жетті. Сондықтан туған жерге қайта оралдық. 5 миллион теңге көтермеақы алдым. Енді жолдасыма да беріледі. Баспана мәселесі де шешілді. Қазір күніне 20-30 адамды қабылдаймын», – дейді Аққайың аудандық ауруханасының гинеколог дәрігері Ирина Ибраева.
Ал Қызылордалық Біржан Абдулла былтыр ғана қолына дипломын алған жас маманның бірі. Қарағанды қаласында еңбек жолын бастаған ол, бүгінде ауылдағы ауруханаға ауысты. Жыл басында аталған медициналық ұйымға 9 маман жетіспеген. Бүгінде мәселе толығымен шешілді.
«Жуырда осында жұмысқа орналастым. Екі бөлмелі үй берді. Үй орталықтан жылытылады. От жақпаймын. Мен басында ойлайтынмын, егер ауылға барсам пеш жағу жағы проблема болады деп.Ондай машақат жоқ. Еш алаңсыз жұмысымды істей беремін. Ұжым жылы қарсы алды.білмегенімді үйретеді», – дейді Аққайың аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Біржан Абдулла.
Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Өңірде 140 маманның орны бос. Оны шешу үшін облысқа келетін дәрігерлерге көтермеақы екі есеге ұлғайтылды. Енді қалада қалатындарға 3,5 миллион, ал ауылды таңдаған жандарға 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.
«Жаңа жоба 18 қарашадан бастап күшіне енді. 5 миллион теңге көтермеақыны бүгінгі таңда 27 дәрігеріміз алды. Тағы 30 адамның өтініші қаралып жатыр. Нәтиже бар. Мысалы 2019, 2020, 2021 жылдары өңірге 50-70 дәрігер ғана келетін. 2022 жылы -280, ал биыл 200-ге жуық дәрігер келген», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары НұржанТағаниязов.
Биыл өңірге 200-ге жуық маман келді. Жауаптылар келер жылы Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Семей, Қарағанды қалаларындағы медициналық университеттердің түлектерімен келісімшарт жасамақ. Қазір өңірде онколог, акушер- гинеколог, хирург, кардиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары.
Қараулар: 775